Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-нің Бакудегі меншікті тілшісі хабарлайды.

Шара 26 наурызға дейін жалғасады, ол «Гоша гала» қақпасынан басталып, Қыз мұнарасына дейін ұласады. Оған Әзербайжан, Иран, Түркия, Ресей, Үндістан, Ауғанстан, Өзбекстан, Грузия және Тәжікстан аспаздары келеді. Қазақстанның атынан еліміздің дипломатиялық корпусы қатысады. Наурызға орай, қалада мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылды, Наурыздың басты кейіпкерлері - Коса мен Кечалдың қатысуымен ойын-сауық шаралары, концерттік бағдарламалар мен әлем халықтарының музыкалары көрсетілді.

Шара қонақтары түрлі байқауларға қатысып, жұлдыздардың өнерін тамашалап, кәдейлар сатып ала алады. Наурыз мерекесін тойлау Әзербайжан халқы дәстүрлерінің бірі. Наурыздан бұрын төрт күн бойы қыс мерекесі тойланады, бұл Ескі жылдың аяқталып, Жаңа жылдың басталғанын білдіреді. Мейрам күндері үйді құлыптамау да жазылмаған заңдардың бірі. Бұл жанұяның қонақ күтіп алуға ынта-ықыласын білдіреді. Бұл күндері балалар көршілер мен таныстарға барып, мерекелік сыйлықтар алып қайтады. Жаңа жылдың алғашқы күні барлық үйде түні бойы жарық жанып тұруы тиіс. Егер от өшіп қалса, бақытсыздық келеді деп қорыққан. Наурыз мейрамы - әзербайжандықтардың ежелгі және әсем мерекесі.

 

pavlodarnews.kz