«Ертіс» ФК-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, ойын кезінде Атырауда қар жауып, ойыншыларға аздаған қиындық тудырған.

 - Дегенмен, павлодарлықтар қарсыластарына қарағанда ширақ көрінді. Алғашқы өткір моментті алаң иелері жасады. Бірақ бірінші таймда есеп ашылмады. Екінші 45-минутта да «Ертіс» допқа көп иелік ете білді. 84-минутта Родриго Антонио мергендігінен жаңылмай, командасын алға шығарды. Осылайша,біздің команда қонақта үш ұпай иеленіп, турнир кестесінің үшінші орнына жайғасты, - деді баспасөз қызметінде.

– Біздің команда жеңіске лайық болды деп ойлаймын. Жасыл алаңда көрсеткен бүгінгі ойын үшін шəкірттеріме алғыс айтамын. Біз бірінші жəне екінші таймда да басымдылық таныттық. Алайда кейбір ұтымды сəттерді мүлт жіберіп алдық. Бағымызға орай гол салып үлгеріп, жеңіске жеттік. Ойынның сəтті аяқталғаны қуантады, - дейді «Ертістің» бас бапкері Димитар Димитров.

Келесі кездесу 31-наурыз күні «Орталық» стадионда «Ақтөбеге» қарсы өтеді.

Абзал Қабдраш

Сурет «Ертіс» ФК-ның баспасөз қызметінен алынды

pavlodarnews.kz