Бұл туралы Успен ауданының әкімі Николай Дычко өңірлік коммуникциялар қызметінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру қорытындысы тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

- Шара 21 желтоқсанда Ольгино ауылында өтті, - дейді Николай Дычко. - Біз Ерулік рәсімін дәстүрлі түрде жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, қоныстанушыларды күтіп алу, жаңа көршілерге дәм татқызу және оларға көңіл бөлу рәсімі ұйымдастырылады. Өйткені Успен ауданы - қоныс аудару бағдарламасы табысты жүзеге асырылып жатқан аудандардың бірі. Алдағы уақытта көшіп келгендерге жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз.

Өткен жылы Успен ауданына 36 отбасы немесе 184 адам қоңыс аударған.

Бағдарлама жүзеге асырылғаннан бастап, яғни, 2017 жылдан 2019 жылға дейін Успен ауданына 415 адамнан тұратын 92 отбасы көшіп келді. Мектептердегі оқушылар саны 346 оқушыға көбейді.

2020 жылдың соңына дейін жалпы қоныс аударушылар мен оралмандардан тұратын 170 адам, яғни, 34 отбасының келуі жоспарланып отыр.

Успен ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру басталғалы бері 10 000 адам қатысқан 240 шара өткен. 2019 жылы 50 қоғамдық маңызды, әлеуметтік-мәдени шараларға 3 620 000 теңге жұмсалды.

Сараптамалық кеңестен өткен «Ауылым - алтын бесігім» этномәдени фестивалі, «Берік отбасы», «Табиғатты аяла», «Жас қорғаушы» жобалары жүзеге асырылды.

Оған қоса, бюджет қаражаты есебінен Павлов және Константинов атындағы орта жалпы білім беретін мектептерінде «Рухани жаңғыру» кабинеттерінің тұсауы кесілді.

- Ұлттық мәдениетті, домбыра музыкасын қолдау және дамыту мақсатында ауданның 6 мектебінде 120 оқушыны қамтитын домбыра кабинеттері ашылды, - дейді аудан әкімі. - Оған жеке бизнес кәсіпорындары басшылары қаржылық қолдау көрсетті. Барлығы 650 мың теңге демеушілік қаражат тартылды. Музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен 250 мың теңге бөлінді. Мен өзім де домбыраға қызығушылық танытамын. Қазіргі таңда қолым бос кезде домбырада ойнаймын. Ауданда да домбырада ойнайтын таныстарым бар. Шағын ансамбль құрып, домбырамен белсенді айналысуға тырысамыз.

Айгүл Жүсіпова

Фото: ӨКҚ және pavlodarnews.kz мұрағатынан 

pavlodarnews.kz

Тэги: Успен ауданы, әкім, Николай Дычко, «Рухани жаңғыру»