- Иса Байзақов қазақ мәдениетіне үлкен үлес қосқан тұлға екені баршаңызға мәлім, - дейді Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекин. – Сол себепті ұлы адамның мерейтойын тойлау бойынша көптеген сұрақтар қойылуда. Мерейтойды ауқымды, республикалық көлемде тойлаймыз деген ниет бар. Бірақ қаражат жағын байқайтын боламыз. Өйткені аудандық бюджеттен көп қаражат бөлу мүмкін емес. Осы бағытта өзіміздің жерлес кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізудеміз. Демеушілер тапсақ республикалық бәйге ұйымдастыруды жоспарлаудамыз. Ауданымызда жыл сайын кішігірім бәйге жарыстары өткізіліп тұрады. Бірақ деңгейі жоғары болмаған. Сондықтан республикалық бәйге ұйымдастырып, жеңіл автокөлікті бәйгеге тігу ойымызда бар.

Сондай-ақ аудан әкімі мерейтой қарсаңында айтыс ұйымдастыру жоспарымен бөлісті. Ол айтысты қандай деңгейде өткізу туралы сұрақ туындап отырғанын және бұл мәселе талқыға салынып, бір-екі ай ішінде шешім қабылданатынын атап өтті.

- Аудан көлемінде Иса Байзақовтың 120 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді, - дейді Аян Бейсекин. – Ауданның білім беру және мәдениет мекемелерімен әр түрлі тақырыптық іс-шаралар, көрме-экскурсиялар және әдеби-музыкалық кештер өткізіледі. Биыл ақпан-тамыз айларында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері ауыл-аймақтарды аралап концерттер өткізеді. Деректі фильм көрсетіліп, тақырыптық көрмелер мен аудандық оқулар ұйымдастырылады. Қаңтар айында Иса Байзақовтың өлеңдерін оқу бойынша әлеуметтік желілерде челлендж басталды. Негізгі іс-шаралар тамыз айына жоспарланған. Олар ақынның туған жері Үлгілі ауылында өтетін болады.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: Ольга Бугаева 

pavlodarnews.kz

Тэги: Иса Байзақов, 120 жыл, мерейтой, Ертіс ауданы, бәйге, Аян Бейсекин