-  Бүгінгі таңда туризмді дамытудың  негізгі бағыттары болып Маралды көлі мен Шалдай орман аймағы белгіленген, - дейді аудан әкімі Әзілхан Әбеуов. - 2019-2023 жылдарға арналған туризмді дамыту бойынша жоспар әзірленді. Көл жағасын абаттандыру бойынша жұмыс жалғасын тапты. Туристерді қабылдау аймағы кеңейтілді. Барлығы 150,0 млн  теңге инвестиция салынды. Тұзды көл маңында орналасқан Сладкое тұщы көлінде балық аулауды дамытуды жоспарлап отырмыз.

2020 жылы 26 млн теңге сомасына Көлбұлақ ауылының көліне іргелес жер телімдеріне электр желісін жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде қонақ үй бизнесі мен сауданы дамытуға  жол ашылады.

Көлбұлақ ауылында 30 жер телімі бөлінген. Аталмыш елді мекеннің тұрғындары туристерге 3 үйді жалға  ұсынуда. Көлбұлақ ауылынан Маралды көліне дейінгі 3,3 км жолға ағымды жөндеу жұмыстарына сметалық есеп дайындалған.

Сондай-ақ биылғы жылы Садық-Ащы ауылынан Ғабдул-Уахит хазірет кесенесіне 5 км жерасты кабелін тартып, жарықтандыру мәселесін толығымен шешу жоспарланып отыр.  Оңтайландырудан өткен Садық-Ащы бастауыш мектебінің ғимараты «Ертіс орманы» резерватына беріліп, «Қарағай алаңы»  демалыс үйі ашылған және заманауи монша салынған.

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам