Лейла есімді жәбірленушінің айтуынша, оқиға қаладағы «Астория» мейрамханасы мен «Монолит» жанармай құю бекетінің маңында орын алған.

- Машинаны аялдама маңында тоқтатып, жолдасымды тосып отырдым, - дейді жәбірленуші азаматша. – Тосыннан артқы орынға бетін бүркеп алған белгісіз ер адам кіріп отырып, машинаны жүргізуді күштеп талап етті. Қолында өткір зат болды. Бір сәтте көше қиылысындағы бағдаршамның қызыл түсінің жанғанын пайдаланған мен машинадан шығып кеттім.

Көшеге жүгіріп шыққан Лейла машина жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерден көмек сұраған. Алайда ешбір адам оның жанайқайына құлақ аспай, қылмыскерді ұстауға жәрдем көрсетпеген.

Полиция дереу келгеніне қарамастан, қылмыскер оқиға орнынан ізін суытып қашып кеткен.

Қалалық полиция басқармасының бастығы подполковник Данияр Бек хабарлағандай, күдіктінің әрекеті мүлікті тонаусыз азаматтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін заңсыз қимыл деп бағалануда.

- Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200 бабының 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - дейді Данияр Бек. – Өткізілген зерттеуге сәйкес бұл Павлодарда жекелей түрде болған оқиға. Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтау мен ұстау бойынша жедел-іздестіру амалдарын қолға алған.

Полицейлер аталған адамды таныған азаматтарға 102 немесе 39-15-11 телефондары бойынша хабар беруді өтінеді.

Айта кетейік, жыл басынан бастап Павлодарда 532 қылмыс тіркелді. Бұл былтырғы сәйкес кезең ішіндегі қылмыс санынан 36% төмен.

Арслан Ғалымбек

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: машина, тонау, қылмыс, полиция