Бұл туралы аудан әкімі Қанат Кәрімов өзінің есептік кездесуінде мәлім етті.

- Майқайың кенті мен Баянауыл ауылында көп балалы 12 отбасыға жалдамалы пәтер берілді, - деді Қанат Кәрімов. – Көп балалы 1 отбасы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен аудан орталығында баспанаға ие болды. Сондай-ақ Бірлік ауылында 7 балалы және Күркелі ауылында 8 балалы отбасыға жергілікті бюджет есебінен жалпы құны 6 миллион теңгеге үй сатып алынды.

Аудан әкімі мемлекеттік «Бақытты отбасы - 2-10-20» бағдарламасы бойынша бастапқы салымы үй құнының 10 пайызын құрайтын, 2 пайыз өсімімен 20 жылға несие берілетінін атап өтті.

- Осы бағдарлама бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы көп балалы, аз қамтамасыз етілген 7 отбасы баспаналы болды, - деді Қанат Кәрмов. – Оның төртеуі пәтер кілттерін Екібастұз, Павлодар қалаларынан алды. Аталған бағдарлама бойынша құжаттар жинау биыл да жалғасуда. Ауданда бағдарлама арқылы баспаналы болуға ниетті 50 отбасы өтініш берді.

Қанат Кәрімовтің айтуынша, Бірлік ауылында тұратын 9 баланың анасы аудан әкімінің қоғамдық қабылдауына келіп, тұрғын үйіне жөндеу жұмысын жүргізуге көмек сұраған.

- «Сарыкөл» көмір кенішінің бас директоры Болат Қашағанов 500 мың теңгеге демеушілік көмек көрсетіп, баспанаға жөндеу жұмысын жүргізіп берді. Сонымен бірге, балаларға төсек-орын сыйлады, - деді аудан әкімі.

Оразбек Саяхат
Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Баянауыл, көп балалы отбасы, үй, баспана