Бұл туралы баспасөз конференциясында облыстық ТЖД бастығы Ернұр Өтегенов мәлім етті.

- Кеше ауа райының нашарлауына байланысты қатты жел және көктайғақ болатыны туралы ескерту жарияланғаны белгілі, - дейді Ернұр Өтегенов. – Десе де, тұрғындар өз өмірлеріне қауіп төндіре отырып, жолға шығуда. Жолдар жабылғаннан кейін Қаражар ауылдық округінің маңында тұрып қалған 25 адам құтқарылды. Оның екеуі - бала.   Сондай-ақ түн ішінде жергілікті полиция қызметі мен төтенше жағдайлар бөлімі жылыту пуктіне 11 автокөлікте болған 15 адамды Ақтоғай агротехникалық колледжіндегі жылыту пунктіне эвакуациялады. Ересектердің ішінде бір бала бар. Олардың ешқайсысы зардап шекпеді.

Сондай-ақ, Екібастұз және Шідерті аралығында қар құрсауында қалған көлік шығарылған. Аталған учаскіде бірнеше көлік шоғырланып қалған. Жолаушылар Шідерті кентіндегі «Ақжол» қонақүй кешенінде орналастырылды.

- Бүгін түнде бір отбасының ВАЗ-21099 көлігімен Бесқамыс ауылына шығып, Ақтоғай ауданынан 78 шақырым қашықтықта  жолда қалғаны туралы хабарлама келіп түсті, - дейді департамент басшысы. – Дереу «Трэкол» көлігімен жедел құтқару жасағы жіберілді. Ақтоғай ауданынан 58 шақырым қашықтықта қалған жолаушылар сағат онда анықталды. Олардың арасында бір оқушы болған. Барлығы Бесқамыс ауылына жеткізілді. Бұдан басқа, құтқарушылар Майқайың және Шідерті бағытында тұрып қалған жолаушыларға көмек көрсету үшін Екібастұзға шықты.


Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам