Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кездесуді ашқан Әбілқайыр Сқақов ТЖ қызметі мен әкімдіктер үшін уақыт аса тығыз екендігін айтып, оларға барлық ресурстарды жұмылдыруды және су басу қаупі бар орындарды анықтауды тапсырды.

Өңірдегі жағдай туралы ТЖ бойынша департаменттің басшысы Ернұр Өтегенов баяндады. Осы қыста өңірде қар жалпы нормадан 25 пайыз артық жауды. Мұндай жағдай 2017 жылы орын алған еді. Сол кезде еріген қар суы 7 тұрғын үй және 27 ауланы басып, теміржолда 1, автомобиль жолдарында 38 су өту жағдайы орын алған еді.

Құтқарушылар мен әкімдіктердің мәліметтері бойынша қазіргі кезде 31 ауылды су басу қаупі бар.

– Менің ойымша, бұл сан сіздер айтқаннан көп болуы мүмкін, – деді аймақ басшысы. – Қатер аймағына енуі мүмкін әр елді мекенді бақылауға алу қажет. Ауылдар мен қыстауларды жем-шөппен, дүкендер мен дәріханаларды азық-түлік және дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз ету қажет. Төтенше жағдай туындағанда адамдармен байланыс үзілмеуі тиіс.

Әбілқайыр Сқақов ТЖ қызметтеріне көктемгі су тасқынына дайын болуын, ал, қалалар мен аудандардың әкімдеріне елді мекендердегі қарды тездетіп шығаруды тапсырды. Сонымен қатар, аймақ басшысы төтенше жағдайда дереу әрекет жасау және халыққа хабар тарату үшін бірыңғай коммуникация каналын ұйымдастыруды тапсырды.

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, көктем, облыс әкімдігі