«ALMAZ MEDICAL GROUP» ЖШС (№2 қалалық емхана) педиатрлық бөлімінің меңгерушісі Роза Муракаева МӘМС жүйесі енгізілгелі ауруханаға тіркелген тұрғындар қымбат тұратын МРТ мен ПЦР тексерулерінен өткен.

- Жүйе енгізілгелі бірқатар қымбат зертханалық-диагностикалық тексерулер қолжетімді болды, - деді Роза Муракаева. – Мысалы, бізде емделушілер арасындағы негізгі тексерулерден МРТ-ға 90-нан астам адам жіберілді. Ал, ПЦР 46 адамға тағайындалды. Бұрын ПЦР-ден өту үлкен мәселе болатын. Бұл қымбат тексеру аяғы ауыр әйелдерге, жиі ауыратын балаларға міндетті түрде тағайындалатын. Қазір медициналық сақтандыру арқылы жаңа мүмкіндіктер пайда болды.

Роза Муракаеваның айтуынша, МӘМС арқылы зертханалық-диагностикалық қызметтерді алу емдеуші дәрігерлердің де нақты диагноз қоюына әсер етуде.

Алайда, МӘМС арқылы мұндай тексерулерден кез келген адам өте бермейді. Ол үшін алдымен өзі тіркелген ауруханадан тексеруге жолдама алу қажет.

- Мұндай тексерулерден өту үшін тұрғындар алдымен учаскелік дәрігерге барып, жолдама алуы тиіс. Өзінің бекітілген емханасына келіп, терапевтке қаралады. Өзін мазалайтын жері бойынша тиісті анализдерді тапсырады. Нәтижелері 3-4 күнде дайын болады. Содан кейін аталған тексерулерге жіберіледі, - деді Роза Муракаева.

27 жастағы ана Тоғжан Төлеуғали алғашқылардың бірі болып МӘМС арқылы қос баласын ПЦР тексеруінен өткізген.

- Екі балам бар. Біреуі 2 жаста болса, үлкені 4-те. Балаларым жиі ауырады. Кіші балам биылдан бастап балабақшаға барады. Қаны аз болғандықтан ауырып қала береді. Одан үлкен балам да ауыра бастады. Бір-біріне жұқтыруда. Олардың ағзасында инфекция болуы мүмкін болғандықтан анығын білгіміз келді. Ол үшін бағасы қымбат ПЦР анализін тапсыру қажет. Оның қаржысын қалтамыз көтере бермейтін. Медициналық сақтандыру қоры арқылы тегін тексеруден өттік. Қазір жауабын күтіп отырмыз. Біз сияқты жиі ауыратындар үшін қымбат сараптамаларды тапсыруға медициналық сақтандыру жүйесі үлкен жәрдем болды, - деді Тоғжан Төлеуғали.

Айта кетейік, МӘМС бойынша диагностикалық тексерулерге жолдама бермеу және өзге де сұрақтар бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының 371904 нөміріне хабарласуға болады.

Еске сала кетейік, сәуір айына дейін барлық азамат әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында шартты түрде сақтандырылған. Кейін МӘМС жүйесінің қатысушысы қатарына кірмейтін азаматтар тегін кепілдендірілген медициналық көмекті ғана ала алады. Сол себепті ағымдағы жылдың 3 айында бұл жүйеге енбегендер жарна төлеп, сақтандыру мәртебесін ала алады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, МӘМС, медициналық сақтандыру, қор