Ұлы Жеңістің 75 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған «Бұл күнді адамдар ешқашан ұмытпасын» патриоттық акциясы аясында «Батырлардың ерлігіне лайық» атты салтанатты кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге құрметті қонақ ретінде Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын көрген ардагерлер қатысты.



«Павлодар облысы бойынша әскери-патриоттық тәрбие қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Николашин кездесудің мақсаты – бүгінгі күннің батырларымен, бейбіт өмірде ерлік жасаған адамдармен таныстыру екенін атап өтті.

-    Бұл акция аясындағы екінші кездесуіміз, - деді Олег Николашин. – Біріншісінде іздеушілер, мұрағат қызметкерлері, тыл ардагерлері, соғыс кезіндегі балалармен кездесу өткіздік. Ал, бүгін қазіргі уақыттың батырларымен кездесіп, марапаттамақпыз. Олар шынымен батыр. Басқаша айта алмайсың. Олардың көпшілігі өз өмірлерін еліміздің азаматтарының мүддесі үшін құрбан етуге дайын. Жедел жәрдем, полиция, төтенше жағдай қызметкерлері өз жұмыстарында күн сайын ерлік жасауда. Бұл шара жастар үшін ұйымдастырылып отыр. Жастар аталарының, бүгінгі батырлардың ерліктерін үлгі етіп өсу керек.



Шара барысында оқыс оқиғаға, апатты жағдайларға тап болған адамдарды құтқарған полиция қызметкерлері Ғалымбек Жұмабаев, Әсет Абдықанов, Маруф Мансуров, төтенше жағдайлар қызметінде істейтін Виталий Тюкалов, Максим Марейчев, Дәурен Сатканов, жедел жәрдем қызметкерлері Марғұлан Нұрғалин, Сая Ақпаева марапатталды.



Оған қоса, өңірдегі ұлтаралық келісім мен адамдар арасындағы достыққа бағытталған шараларды белсене атқарып жүрген облыстық ҚХА жастар кеңесінің төрағасы Рамиль Смаилов та марапатқа ие болды.



Ерлік жасағандардың бірі Ғалымбек Жұмабаев – Аққулы ауданы полиция бөлімі кезекші бөлімшесінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты. Ол 2019 жылдың 9 шілдесінде суға батып кетуге шақ қалған 3 қызды құтқарып қалған.



-    Сол күні өзен жағасында отбасыммен демалып жүрген болатынмын, - деді Ғалымбек Жұмабаев. – Әпкелі-сіңлі 3 қыз да шомылып жүрді. Судың тереңдеу жеріне жетіп қалғанын байқамаған болу керек, бата бастады. Айғайды естіген бойда құтқару үшін жүгірдім. Кезекпен алып шықтым. Үшеуі де қатар батып жатты. Мен шығарып үлгердім. Жүзу білмейтіндері көрінді. Өзім бала кезден өзенге жүзіп үйренгем. Бәрі қас-қағым сәтте өте шықты. Сәл кешіккенде аман алып қалу қиын еді. 11 жыл бойы өз ауданымда осы салада қызмет етіп келемін. Қызмет барысында осындай оқыс оқиға сәттерін тәжірибеден өткізіп, дайындаламыз. Сондықтан тәжірибем көмектесті деп ойлаймын.



Айта кетейік, аталған акция сәуір айында жалғасын табады. Кезекті шарада Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Панфиловшылар дивизиясы жалауының эстафетасы өткізіледі.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: