Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов мәлім етті.

- Алтын Орданың 750 жылдығына орай 24 іс-шара жоспарланып отыр, - дейді Қанат Кәрімов. -  Оның ішінде аудан орталығында тамыз айында өтетін республикалық ақындар айтысы бар. Қаражат бюджеттен қарастырылған. Сондай-ақ Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай облыс көлемінде танымал тарихшылардың қатысуымен ғылыми конференция ұйымдастырылады.  Республикалық ақындар айтысы бұған дейін 2018 жылы өткен.

Спикердің айтуынша, 2019 жылы «Бәйгелі Баянауыл» аудандық ұлттық ат спорты қоғамдық бірлестігі құрылған. Қоғамдық бірлестіктің төрағасы болып Баянауыл ауданының құрметті азаматы Жабай Мұсабаев тағайындалды.

Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу сияқты ұлттық ат спорты түрлерінен аудандық додалар биылғы жылға жоспарланған.

Бұдан басқа, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Ж.Аймауытов атындағы драма театрының актерларымен «Жас Абай» театрландырылған қойылымы мен «Әнді сүйсең, менше сүй» атты облыстық Абай әндерінен ән байқауы өтеді.

Баянауыл – Жидебай – Қарқаралы бағытында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы жерленген Жидебай, Құнанбай қажы салдырған мешіт орналасқан Қарқаралы өңіріне салт аттылар сапары ұйымдастырылады, Абай оқулары мен жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарынан, аудандық көркемөнерпаздарынан құрылған концерттік бағдарлама ұсынылады.

 Ақбота Сейсенбаева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам