Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ринат Қойсоймасов мәлім етті.

 - 2020 жылы жоспар бойынша республикалық жолдан бөлек, жергілікті маңызы бар жолдарға 69 жоба бойынша 13,7 миллиард теңгенің жөндеуі жасалады, - деді Ринат Қойсоймасов. – Жұмыстың басым бөлігі - орташа жөндеулер. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 36 жоба бойынша 53,2 шақырым ауыл ішіндегі жолдар жөнделеді. Жалпы, биыл облыс бойынша 465 шақырым жол ретке келтіріледі.

Спикердің айтуынша, 2019 жылы жергілікті маңызы бар 303 шақырым жол жөндеуден өткен. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жергілікті маңыздағы жолдардың үлесі 82,6%-ды құрады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 85%-ға жеткізу көзделген.

- Облысымыздағы жөнделетін жолдарды атап өтер болсам, Баянауыл ауданында 2 жоба жоспарланған, - деді Ринат Қойсоймасов. – Қоңыр әулие туристік орны маңында 120 миллион теңгеге 8,6 шақырым жол жөнделеді. Ал, республикалық жолдан Торайғыр ауылына дейінгі жөнделетін 16,6 шақырым жолға 660 миллион теңге бөлінген. Конкурстық жұмыстар 2019 жылы өткізілген. Қажетті материалдар жеткізілген. Жұмыстың қашан басталатыны ауа райына байланысты.

Басқарма басшысының айтуынша, қардың көп түсуі салдарынан көктемде жолдарды су шайып кетпеуі бақылауға алынған. Баянауыл ауданымен қатар, Ақтоғай мен Май ауданында көктемгі судан қауіп төнуі мүмкін.

Айта кетейік, Павлодар облысындағы жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5476,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңыздағы жолдар – 1662,8 шақырым, облыстық маңыздағы жолдар - 1010 шақырым, аудандық маңыздағы жолдар - 2803,3 шақырым.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: