«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының қызметкерлері Павлодар қаласының медициналық ұйымдарын аралап, арнайы ақпараттық стикерлерді ілді.

- Денсаулық сақтау министрлігі мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 1406 байланыс орталығының нөмірі көрсетілген стикерлерді жасап шығарды, - дейді филиал директоры Нұрлан Қасымов. - Көрсетілген нөмірге хабарласып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты кез келген сұрақ бойынша кеңес алуға болады. Жапсырмалар медициналық ұйымда МӘМС бойынша қызметтер алуға болатынын білдіреді. Ал OR кодтар арқылы азаматтар кері байланыс ала алады. Стикерде бейнеленген QR-кодтарды телефон арқылы сканерлеп, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтына өтуге болады. Сондай-ак, Telegram және Whats Арр-тегі боттармен байланысып, МӘМС бойынша керек ақпаратты ала аласыз.

Филиал директоры МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері тұрғындардың реформаға қызығушылығы артқанын атап өтті. Сондықтан ақпараттық стикерлер – түсіндіру жұмыстары үшін таптырмас құрал.

- Ең алдымен стикерлерді тіркеу орны мен электронды кезек алатын жерлерде жабыстыру манызды, - дейді Нұрлан Қасымов. - Себебі пациенттер көбіне сол жерлерде отырады. Сонымен қатар, кез келген қызметке қатысты наразылықпен келген азаматтар медициналық ұйымның басшысына жіберілетіндіктен, стикерлерді қабылдау бөлмелерінде де ілуді жөн көрдік. Осылайша, барлық сұрақтар бақылауда болады. Ал, халық мамандармен байланысқа шығып, туындаған сұрақтарына бірден жауап ала алады.

Облыс бойынша 57 медициналық ұйым әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырған. Оның 26-сы жекеменшік ұйымдар.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. 31 наурызға дейін барлық азаматтар мәртебесіне қарамастан, МӘМС бойынша қызметтерді ала алады. Облыста бүгінгі күні мәртебесі анықталмаған 75 мың адам бар.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: Ольга Бугаева 

pavlodarnews.kz

Тэги: