Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Владимир Питраков атап өткендей, облысымыздың 9 мың зейнеткері жинақтаушы зейнетақы рәсімдемеген.

- Аталған зейнеткерлердің барлық есеп-шоттарында жинақталған сома 484 миллион теңгеге тең, - дейді Владимир Питраков. – Бұл азаматтар жөніндегі барлық мәліметтер бар. Қазірде біздер аталған тұрғындарды іздестіруге күш жұмсаудамыз.

«БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалының директоры айтқандай, аталған азаматтардың әрбіреуіндегі қаражат көлемі әртүрлі: 1 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін.
Қалай дегенде де, зейнетақысын алмай жүрген адамдардың жинаған қаражаты ешқайда жоғалмайды. Тіпті есеп-шот иесі қайтыс болған жағдайда ол қаражат зейнеткердің заңды мұрагеріне беріледі.

Айта кетейік, еліміздің көлемінде жинақ зейнетақысын қажетсінбеген зейнеткерлердің саны 174 мың адамды құрайды. Олардың шоттарында 11 млрд теңге жинақталған.

Айбек Жұматов

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: зейнетақы, зейнеткер, Владимир Питраков, БЗЖҚ