Осыған байланысты Кенжекөл ауылында жедел әрекет ету жасағы, төтенше жағдайлар департаментінің күші мен құралдары, қардан тазалау және су сору техникасының дайындығы тексерілді. Бұл жерге барлығы 200-ден аса адам мен 100-ден аса техника шықты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Ернұр Өтегенов облыс әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімхановты дайындық шараларымен таныстырып өтті.

- Бүгін елімізде «Көктем-2020» оқу жаттығу шараларының алғашқы күні басталды, - дейді Ернұр Өтегенов. – Республика бойынша сағат 9.00-де дабыл берілді. Сырттан қарағанда оқу-жаттығу болып есептелгенімен, автомобиль және темір жол су өткізу құбырлары мен елді мекендерді қардан тазалау жұмыстары жүргізіледі. Су тасқынының бірінші кезеңі қардың еруі болса, екінші кезеңі - судың көтерілуі. Шығыс Қазақстан облысының Шүлбі су қоймасынан су жіберілген кезде Ертіс өзенінде су деңгейі көтерілетіні белгілі. Нәтижесінде Кенжекөл ауылы мен Ленин кентіне су басу қаупі туындайды.  Сондықтан қазіргі күннен бастап мұндай жұмыстар барлық аудандар мен қалаларда жүргізілуде. Себебі, адамдарды эвакуациялау, су сору, инженерлік жұмыстар мен тұрғындарды қабылдау пунктінде тамақтандыруды ұйымдастыру қажет болуы мүмкін. 

Ведомство бастығының айтуынша, облыстық департаменттің дағдарыс орталығында, сондай-ақ қалалық және аудандық әкімдіктерде жедел штаб құрылған. Өңірде 31 елді мекенде қауіп-қатер деңгейі анықталып отыр. Оның ішінде Ленин кенті, Кенжекөл ауылы, Ақсу қаласына жақын орналасқан ауылдар кіреді. Сондай-ақ Қарағанды облысының Ақжар бөгетінен Баянауыл ауданы мен Ақмола облысының Сілеті су қоймасынан Ақтоғай ауданының Шолақсор елді мекеніне қауіп төнеді.  Алайда ауа райының өзгеруіне байланысты бұл елді мекендердің саны артуы ықтимал.

Келесі аптадан бастап облыс басшылығымен су басуы мүмкін барлық елді мекенді аралап шығу жоспарланып отыр. 

- Алдағы күндері жаңбыр және қар жауады деп күтілуде, - дейді Ернұр Өтегенов. - Наурыз айының басында сынап бағанасы қайтадан төмендейді. Сондықтан бұл жағдайда үнемі дайын болу керек. Бұл шаралар сенбі күні де пысықталды. Ертең оқу-жаттығу Ленин кентінде жалғасады. Сондай-ақ облыстың барлық қалалары мен аудандарында өткізіледі. Жеке құрамнан 600-ден астам адам мен 300-ге жуық техника жұмылдырылды. Алдына ала инертті материалдар мен ыдыс-қап дайындалады.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің Павлодар облысы бойынша бағыттаушысы, подполковник Ербол Сағындықовтың сөзінше, оқу-жаттығу кезінде мамандар 4 бағыт бойынша жедел әрекет етеді. ҚР «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ұлттық гвардиясы 5512 әскери бөлімі Әбдіков көшесі бойында орналасқан жеке үйлерді су басу мен шайып кетудің алдын алу мақсатында екі учаскеде құм салынған қаптан жасанды бөгет тұрғызды.

Су астында қалған аумақтар оқшауланып, тұрғындарды құтқару  және еріген қар суын сору жұмыстары жүргізілді, электр желілері қалыпқа келтірілді.

Кенжекөл ауылының әкімі Серік Шуақбаев Әбдіков көшесі, 1, 47, 67 мекенжайы бойынша орналасқан 47 үйді су басуы мүмкін екенін атап өтті.

– Ол жерлерге инертті мариалдар мен ыдыс-қаптар жеткізілді, - дейді Серік Шуақбаев. - Қауіп төнген жағдайда тұрғындарға дауысты зорайтқыштың көмегімен және еріктілер арқылы хабар беріледі. Автобус барық тұрғынарды жинап алып, мектепке тасымалдайды. Ал, малдар шаруа қожалықтарына жеткізіледі. 1 наурыздан бастап кезекшілік ұйымдастырылады. 6 КамАЗ, екі тиегіш, екі ассенизатор машинасы, екі МТЗ-80 трактор дайын. Жағдай бақылауға алынды. Биыл қар екі есеге көп түскені белгілі. Бір ай бойы полигонға шығарып жатырмыз. Ол үшін қалалық бюджеттен қаржы бөлінді.

Айта кетерлігі, Кенжекөл ауылында бүгінгі таңда 9128 адам тұрады. 2000 қара мал мен 1900 жылқы, 4000 қой бар. 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам