№24 мектепте өткен еріктілер форумына аталған мектептің оқушылары, жас мамандар және шаһардағы түрлі еріктілер қозғалысының өкілдері қатысты.

- Бүгінгі форумның мақсаты – еріктілер қозғалысын балалар мен жастар арасында насихаттау, - деді мектеп директоры Нұргүл Рахымгожина. – Мектебімізде 30-дан астам жас маман бар. Біз осы форуммен Еріктілер жылындағы шарамызды бастаймыз. Жалпы, еріктілер қозғалысы біздің мектеп үшін жаңалық емес. 2018-2019 жылы біздің мектеп «Бөтелке қақпағы өмірді аман алып қалады» атты облыстық байқаудың жеңімпазы атанды. «Мейірімділер клубымен» бірге қақпақ жинау бойынша тұрақты акция өткіздік. Орман шаруашылықтарымен де көптеген жұмыстар атқарылды.

Форум барысында №24 мектеп еріктілер жұмысын атқарудағы серіктестік бойынша «Мейірімділер клубымен», Павлодар қаласының құтқарушыларымен, орман шаруашылықтарымен меморандум жасады.

Сонымен қатар, №24 мектептің жас мамандары 30 бағытта еріктілер клубын ашты. Әр клубта 30-ға жуық оқушы жиналмақ.

- Бұл клубтарға оқушылар өз еркімен қосылады, - деді №24 мектептің мұғалімі Тимур Онянов. – Кез келген сыныптың оқушылары кіре алады. Қазірдің өзінде жұмыстарымыз басталып кеткен. Балалар құстарға арналған ұя жасап әкелуде. Жуық арада Усолка шағын ауданындағы жағалауға барып, ұяларды орнатпақпыз. Бүгінде 60-тан астам ұя жиналды. Әлі де әкеліп жатқандар бар. Менің өзім «Тимур және оның командасы» атты клуб құрдым. Балалармен бірге өсімдік, ағаштарды отырғызу және оны баптап, күту жұмысын қолға алмақпын.

Форумда клубтар таныстырылып, жетекшілеріне сертификаттар табысталды.

Ашылған клубтарда қарттарға көмектесу сияқты қоғамдық жұмыстармен қатар, жас мамандар оқушыларға өз тәжірибелерімен бөліседі. Спорт түрлерінен бастап сән студияларында балаларды шеберлікке үйретпек. Осы арқылы аталған мектепте 500-ден астам оқушыны қосымша біліммен қамту көзделген.

Оразбек Саяхат
Фото: Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: