Аталған акцияны С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана жыл басында қолға алған еді. Кезекті кітап сыйлау шарасы бұл жолы Павлов көшесі, 48 үй мекенжайында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында өтті.

- Мақсатымыз - біртуар тұлға Абай шығармаларын көпшілік арасында насихаттау. Хакімнің шығармаларын сыйға тарту арқылы адамдарды кітап оқуға шақыру. Бүгінде біз бастаған акцияға қатысуға ниетті жандардың қарасы көп. Сыйға берілетін кітаптарға қызыққан кейбір оқырмандарымыз ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жаттау үстінде. Тіпті, кейбір азаматтар акцияның өтетін уақыты мен талаптары туралы қызығушылық танытып, бізге жиі хабарласады, - дейді облыстық кітапхананың ақпарат, тіркеу және бақылау бөлімінің меңгерушісі Майя Исақаева.

Бұл жолғы кітап сыйлау акциясына қатысқандардың басым бөлігі ақынның өлеңдерін жатқа оқып, қара сөздерін нақышына келтіре айтып берді. Кейбірі хакімнің «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әр неге» секілді ел арасында белгілі жырларын жатқа айтса, енді біреулері ақынның сирек оқылатын өлеңдерінен тарту жасап, Абайдың кітаптарын сыйға алды.

Айта кетейік, ай сайын ұйымдастырылатын акция алдағы уақытта қаламыздағы басқа да қоғамдық орындарда жалғасын табатын болады.

pavlodarnews.kz

Тэги: