Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аймақ басшысы аудан әкімдерінің әрқайсысын жеке қабылдады. Аудан басшыларының көпшілігі ауылдарды орталықтандырылған және жергілікті су көздерімен қамтамасыз етуді 2023-2024 жылдары аяқтауды жоспарлаған екен. Алайда, Әбілқайыр Сқақов бұл мерзімдермен келіспеді.

 – Ел президентінің әр ауылды жақын кезеңде сапалы ауызсумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы бар, – деді облыс әкімі. – Егер тиісті жобалау-сметалық құжаттамалар мен мердігер ұйымдар әзір болса, жұмысты созбай өтінім беріңіздер. Біз барлық жобаны қолдайтын боламыз. Өңір бойынша ауылдарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін 2021 жылдың соңына дейін шешу керек.

Сонымен бірге, Әбілқайыр Сқақов әкімдерге инвестиция тартумен жеке айналысуды тапсырды. Оның айтуынша, Павлодар облысының әлеуеті жаңа инвестициялық жобаларды, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды іске қосуға әбден жетеді.

 – Аудандарда ірі егістік алқаптары, жайылымдар, қайта өңдеу нысандарын құру мүмкіндіктері бар. Сондықтан қазір жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерді ынталандырып, жаңа инвесторларды тартыңыздар, – деді аймақ басшысы. – Жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты мен ауданның экономикалық көрсеткіштері сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты.

Сонымен қатар, әкім ауыл тұрғындарының рухани дамуы мен бос уақытын қамту мәселесін де ұмыт қалдыруға болмайтынын айтты. Жергілікті басшылар ауыл тұрғындарының бос уақыттарын қалай өткізетіні және ол үшін қандай жағдай жасалғаны туралы бір ауық естен шығармаулары қажет.

 

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам