Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен өткен өңір әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы ақпарат жеткізді.

Ернұр Дәуеновтің айтуынша, бағдарламада айқындалған барлық көрсеткіштер орындалып, негізгі индикаторлар іске асырылды. Мәселен, мемлекеттік тілді меңгергендер үлесі былтыр 87,1%-ға, ағылшын тілін – 24,3%-ға, 3 тілді меңгергендер – 22,2%-ға жетті.

Сөйте тұра, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы қоғамда қазақ тілін қолданбау мәселесінің өзектілігін жоғалтпағанын тілге тиек етті. Жағдайды түзету мақсатында Ернұр Дәуенов басқарманың осы бағыттағы негізгі ұстанымдарын жеткізді.

- Біріншіден, тілдің қолданысына қажеттілік тудыру керек, - деді Ернұр Дәуенов. – Бұл – ауладағы дүкеннің сатушысынан бастап, жұмыстағы әріптестермен, жалпы, күні бойы кездесетін адамдармен, оның ішінде өзге этнос өкілдерімен де, ең алдымен қазақша сөйлесуді білдіреді. Кейіннен керегін қажетті тілде түсіндіруге болады. Сол арқылы көшеде, қоғамдық көлік пен қызмет көрсету орындарында, сауда орталықтарында, әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілге деген сұранысты көбейтуіміз қажет.

Сонымен бірге, басқарма басшысының сөзіне қарағанда, Еріктілер жылына орай тіл еріктілерінің облыстық жасағы құрылды. Ернұр Дәуеновтің пікірінше, қазақ тілін жетік білетін әрбір облыс тұрғыны – тіл еріктісіне айналуы қажет.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: мемлекеттік тіл, қазақ тілі, тілдерді дамыту, Ернұр Дәуенов, еріктілер