Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен өткен өңір әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Жармакина 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы ақпар жеткізді.

- Облыс бойынша 2019 жылдың қортындысы негізінде «Денсаулық» Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының 38 көрсеткішінің ішінде 34-ті орындалды, - деді Гүлнар Жармакина. – 4 көрсеткішке қол жеткізілмеді. Олар жарақаттардан, жазатайым жағдайлардан және уланудан болатын өлім-жітім, тұрғындардың жалпы өлім-жітімі, жатыр мойны обырымен 5 жыл немесе одан да ұзақ өмір сүретін онкологиялық науқастардың үлес салмағы және дәрігерлердің жалпы санындағы БМСК дәрігерлерінің үлесі көрсеткіштері.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтерінше, өңірде өлім-жітім былтырғыдан гөрі 1,2%-ға артқан. Адамдардың қайтыс болуына бірінші кезекте қан-тамыр жүйесі кеселдері себеп. Одан кейінгі орында онкологиялық аурулар және жарақаттар мен улану фактілері тұр.

Жалпы өлім-жітім көрсеткішін төмендету мақсатында басқарма жедел көмек көрсету негіздеріне барлық медқызметкерлер мен көлік жүргізушілерін оқытты. Сонымен қатар, Екібастұз қалалық ауруханасы мен облыстық кардиоорталыққа ангиографтар сатып алынды.

- Медицина қызметкерлері 2019 жылы ана өлімі оқиғаларын болдырмады, - дейді Гүлнар Жармакина. – Оған қоса, облыста туған 1000 сәбиге 6,85 көрсеткішіне ие. Бұл республикалық межеден 17%-ға төмен. Аталған көрсеткіш бойынша облысымыз елімізде 4-орында.

Айта кетейік, облысымызда 330 медициналық ұйым, оның ішінде 22 аурухана, 9 емхана, 58 дәрігерлік амбулатория, 22 фельдшерлік-акушерлік пункт, 212 медпункт, 11 өзге де медұйымдар бар.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: медицина, өлім-жітім, Гүлнар Жармакина, денсаулық сақтау