Алматы облысы, Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында өткен айтыста 30 ақын сынға түсті. Жас сөз зергерлері 3 айналымда өнер көрсетті.

Екібастұз қаласы С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің 9-сынып оқушысы, «Қайнар» ақындар мектебінің шәкірті Бексұлтан Қайдаров өңіріміздің намысын қорғады.

Жас ақындар сахна үстінде жеребе тартып, жұпталды. Бір қызығы, Бексұлтан алғашқы екі айналымда жеребе бойынша бір ақынмен айтысқан.

- Айтыс өте тартысты өтті, - деді Бексұлтан Қайдаров. – Алғашқы екі айналымда да алматылық Алтынай есімді арумен айтыстым. Айтысымыз көрермен көңілінен шығып, соңғы айналымға өттік. Мәре айтыста маңғыстаулық ақынмен сөз сайыстырдым. Сахна үстіндегі жеребе айтыс көрігін қыздыра түсті. Осындай оқушылар айтысының ортасын көрген ұстазым Нұрғанат Қайраттың ақылын тыңдап, ойдағыдай нәтижеге қол жеткіздім деп ойлаймын.

30 ақынның өнеріне елімізге белгілі айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов бастаған қазылар алқасы баға берді. Қазылардың шешімімен Бексұлтан Қайдаров 2-орын иегері атанып, ақшалай сыйлық табысталды.

Айта кетейік, аталған додада Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернатының 8-сынып оқушысы Нұршапағат Сәулет те өнер көрсетіп, ынталандыру сыйлығына ие болды.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ақын, айтыс