Ресейдің Новосібір өңіріндегі «Сиббиофарм» компаниясының атқарушы директоры Михаил Ефимов павлодарлық журналистермен кезесіп, шыбын-шіркей мен масаларға қарсы қолданылатын биологиялық препарат «Бактицид» жайлы айтып берді.

- Біз микробиологиялық синтездеу арқылы препараттар жасаумен бұрыннан бері айналысып келеміз. Әр технологиялық процесс қатаң бақыланады. Барлығы сертификатталған. Қазақстанмен сегіз жыл жұмыс жасап келеміз. Соңғы төрт жыл тұрақты түрде дәрілерім осы өңірлерде пайдалануда. Сондай-ақ 1992 жылдан бері Үндістанға да препарраттарымызды жеткіземіз. Вьетнам, Тайланд, Беларусь, Украина және Ресей мемлекеттерінде де дәрі-дәрмектеріміз жергілікті қансорғыштарға қарсы қолданылады. «Бактицидтің» нәтижелі жұмыс жасайтынына нық сенімдімін. Павлодарға биологиялық дәрінің аман-есен жеткенін өз көзіммен көріп, тексеру үшін келдім, - дейді Михаил Ефремов.

Атқарушы директор атап өткендей, препараттарды сұйық және құрғақ түрде әзірлейді. Бір литр сумен 300 грамм арнайы шикізат араластырылады. Препарат Қазақстанға бір литрі 350 рубль көлемінде сатылды.

Еске салайық, аталмыш өнім Павлодарға ақпан айының басында 157 400 литр көлемінде әкелінді.

Абзал Қабдраш
Суретті түсірген - автор

pavlodarnews.kz