Сенаторлар Павлодар өңіріне ҚР Парламенті сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы бағдарламасы аясында келіп, орта мектептердің жұмысымен танысуда.

- Бұл өңірге келгендегі мақсатымыз - орта білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстармен, ҚР Білім туралы заңның орындалуын жане мемлекеттік білім туралы бағдарламалардың іске асырылу деңгейін бақылау. Сондай-ақ Павлодардағы орта мектептердің іс-тәжірибесіне көз жүгіртіп, ұстаздардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Алдағы қыркүйек айына дейін барлық өңірлерді аралап көріп, Парламент сенатының отырысында осы саладағы жетістіктер мен жетіспеушіліктерді ортаға саламыз, - дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты және Әлеуметтік-мәдени даму мен ғылым жөніндегі комитет төрайымы Бірғаным Әйтімова.

Елордадан арнайы келген меймандар  № 25 орта мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігімен кеңінен танысып, ондағы өнертапқыш оқушылардың жасаған робот теxникаларына жоғары баға берді.

- Жалпы Павлодар өңіріндегі орта білім беру мектептері робот теxникасына, инновациялық білім беру мен жаңа теxнологияны меңгеруге көп көңіл бөлуде. Соның бірден бір дәлелі ретінде осы № 25 мектептің оқушыларының бүгінгі ғылыми жетістігін айтуға болады. Сонымен қатар мұнда 80 бала шаxмат үйірмесіне қатысады екен. Болашақта тағы да шаxмат сыныптарын ашамыз деп отыр. Қазірден бастап осындай жан-жақты, тапқыр да талантты ұрпақ тәрбиелейтін болсақ, ертең кез келген өркениетті елмен иық теңестіретінімізге сенімдімін, - деді ол.

Сенаторлар мектептің мәжіліс залында ұстаздармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Тілеуберді Сахаба

Суретке түсірген - автор

 

pavlodarnews.kz