Оған беделді тарихшы, т.ғ.д. Зиябек Кабулдинов, Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы Арман Қани, өлкеміздің бетке ұстар тарихшылары мен заңгерлері, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының мүшелері қатысты. 

Шара барысында Зиябек Кабулдиновтің «Қазақстан тарихы» бойынша 8-сынып оқулығының (Алматы, «Атамұра» баспасы, 2016 ж.) тұсауы кесілді.

Т.ғ.к., қауымд. профессор, С.Торайғыров атындағы ПМУ-нің Қазақстан тарихы мен мәдениеті институтының директоры Қайрат Батталовтың айтуынша, Кеңес үкіметі «кеңес азаматтарын тәрбиелеу» саясаты барысында көптеген адамдарды саяси репрессияларға ұшыратып, миллиондаған адамдардың өміріне балта шапты. Қазақ қоғамының беткеұстар алаш азаматтарын құртып, ұлттың игі құндылықтарын жоюға тырысты.

- Дөңгелек үстелде тұсауы кесілген оқулықта үш ғасырдың үш тұлғасына ерекше көңіл бөлінген. ХVIII ғасырдағы қазақ көшбасшысы Абылай, XIX ғасырдағы отаршылдыққа қарсы күрескен Кенесары хан және XX ғасырдың басындағы ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейхановқа баса назар аударылған. Өлкеміздің жұртшылығын қуантар жайт та бар. Оқулықта жеке параграфтар ақын, ойшыл, ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен зерттеуші ғалым, қоғам қайраткері Григорий Потаниннің тарихи тұлғасы мен қоғамдық қызметіне арналған, – деді Қайрат Қанатұлы.

Т.ғ.д., профессор Лаура Жүсіпованың мәлімдеуінше, Кеңес үкіметі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бай рухани-тарихи мұрасын құртып, оның атын өшіруге тырысты.

– Ұлы ойшылдың бай мұрасын ұрпақтарына басып шығаруға жол бермеді. Ұрпақтарын қудалап, феодал байдың баласы деп айып тақты. Тәуелсіздіктің таңы атқалы тек соңғы жиырма жылдың аралығында ұлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасы зерттеліп, көптеген басылымдарда жарыққа шықты. Осы мұраны сақтап, жас ұрпаққа жеткізуде С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің үлесі зор, – дейді Лаура Қуандыққызы.

 

pavlodarnews.kz