Бұл туралы агенттіктің жолдаған ресми сауал хатына берген жауабына облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Раисов мәлім етті.

- "Шаңырақ 14" ЖШС өз қаражаты есебінен сәуір айында Кутузов, 223 көшесінде жалпы ауданы 11,2 мың шаршы метр тоғыз қабатты, төрт подъезді, 144 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Projekt City Group» ЖШС 2017 жылдың маусым айында Суворов көшесінде орналасқан жалпы ауданы 19,2 мың шаршы метр болатын екі тоғыз қабатты, төрт подъезді, 360 пәтерлік тұрғын үйді пайдалануға береді, - дейді Рүстем Раисов.

Ведомство ұсынған ақпаратқа сүйенсек, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес құрылыс құны немесе тұрғын үйдің бір шаршы метрі Астана, Алматы және осы қалаларға жақын орналасқан аймақтарда, Ақтау, Атырау қалаларында 200 мың теңге тұрады. Қалған өңірлер үшін бір шаршы метр - 180 мың теңге. Құрылыстың түпкілікті құны тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттамасының оң сараптамасы негізінде анықталады. Салынған үйлерді сатуда жалпы құнына инженерлік коммуникациялар бағасы енгізіледі.

Бұдан басқа, биыл Екібастұзда Энергетиктер көшесінде жалпы ауданы 5,1 мың шаршы метр бес қабатты, төрт подъезді, 80 пәтерлі тұрғын үй және Ақсуда Молодежная, 30 көшесінде 5,1 мың шаршы метр бес қабатты, төрт подъезді, 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй бағыты бойынша Екібастұзда тоғыз қабатты, екі подъезді, 72 пәтерлік  баспана салынуда.

Айта кетерлігі, биыл облыс бойынша барлық қаражат көздері есебінен 165 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарлануда. Оның ішінде 27,5 мың шаршы метр немесе 354 пәтерлік тұрғын Павлодар қаласында бой көтеруде.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz