Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

«Бұл жағдайды қатаң бақылауда ұстауымыз керек. «Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды», демекші айтатынымыз сол баяғы жартас, бір жартас. Жұмыс жүргізіп жатырмыз, қатаң бақылауда деп үнемі айтамыз. Бірақ, келеңсіз жағдайлар орын алып отыр. Табиғи апат айтып келмейді дегенмен соған қарсы өзіміздің іс-шараларымыз дайын болуы тиіс. Көп жағдайда өзіміздің жіберіп отырған қателіктерімізден мұндай жайттар орын алуда. Сондықтан Құрметті әкімдер, Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы сіздің министрлік қызметкерлері жағдайды қатаң бақылауда ұстап, төтенше жағдайдың ары қарай өршуіне жол бермеуі тиіс», - деді Бақытжан Сағынтаев. Аталған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, өткен аптаның соңындағы қардың күрт еріп, нөсер жауынның салдарынан су тасқыны қауіпі күшейіп, өзендер мен су қоймаларындағы су деңгейі көтерілген. Бүгінгі күні 7 өңірдің 52 елді мекеннің күнделікті күйбең тіршілігі бұзылып отыр. «Олар: Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары. Аталған өңірлерде 1 949 тұрғын үйді су басып, 120 автомобиль жолын су шайды. Бүгінгі күні оның 63-і қайта қалпына келтірілді. Ең күрделі жағдай Ақмола облысында орын алуда. Онда 26 елді мекенде 893 үйді су басып, 2 418 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ең күрделі жағдай Атбасар қаласында қалыптасты. Бұл жерде Жабай өзенінің су деңгей күрт көтеріліп, өткен жылы салынған қорғаныс бөгетті бұзып кетті, 269 үй су астында қалды, 130-дан астам үйді су басу қаупі бар», - деді министр.

pavlodarnews.kz