Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Қадылжан Сәтиев атап өткендей, соңғы екі жылда мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыстық бюджеттен 173,1 млн теңге бөлінген.

 

    -Бүгін Үрлітүп, М. Горкий мен Павлодарское орман шаруашылықтарына көлік кілттері табысталды. Өрт сөндіру көлігінің орташа құны шамамен -18 миллион теңге болса, кешенді көлік 3 миллион тұрады. Жаңа техниканы есепке алғанда, орман шаруашылық мекемелерінде барлығы 8 өрт сөндіру, 13 кіші кешенді өрт сөндіру көлігі, 20 трактор және екі моторлы қайық бар. Соңғы рет оларға техника 1980 жылдардың басында берілген болатын. Сондай-ақ, Үрлітүпке қарасты Тасты шаруашылығында биіктігі 30 метрлік бақылау мұнарасы бой көтерді, - деді Қадылжан Сәтиев.

Айта кетейік, облыста сәуір айынан қазан айына дейін өрт қауіпі бар маусымы белгіленеді. Былтыр осы уақыт аралығында 27 оқыс оқиға тіркеліп, 113,8 га жер өртенген. Нәтижесінде 1,3 млн теңге шығын келтірілді. Ал, 2015 жылы 36 рет өрт жағдайы тіркеліп, 400 га қызыл жалынның астында қалып, шығын көлемі 14,6 млн теңгені құраған.

Биылғы жылы Лебяжі ауданының Ямышево ауылында аумағы екі га жерді құрайтын екі өрт тіркелген.

Абзал Қабдраш
Суретті түсірген - автор

pavlodarnews.kz