Жол-көлік оқиғасы Алматы-Бішкек тас жолында болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Алматы облыстық ІІД мәліметінше, Reno маркалы жүк көлігі батыстан шығысқа қарай кетіп бара жатқан, жолаушылар мінген "ГАЗель" микроавтобусы Алматыдан келе жатып, Қаскелеңге бұрылмақшы болған. Сол жерде жол апаты болған. Полиция бөлімшесіне сағат 14:00-дер шамасында хабар түскен. "Жол апатының салдарынан бес адам зардап шекті, олар жақын жердегі ауруханаға жеткізілді. Барлығы жолаушылар. Қаза тапқандар жоқ. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалды", - деді Алматы ІІД-нің баспасөз қызметіндегілер.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендерді Қарасай аудандық орталық ауруханаға жеткізген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақтыланған мәліметі бойынша зардап шеккендердің саны 12-ге жеткен. "Жедел жәрдем тоғыз адамды алып келді. Қаза тапқандар жоқ. Олардың бесеуі бала - екеуі жансақтау бөлімінде, ал үшеуі травматология бөліміне жатқызылды. Тағы үшеуін жеке көлікпен жеткізді. Жалпы зардап шеккендер саны - 12 адам", - деді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

pavlodarnews.kz