Бұл туралы бүгін Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың алдында есеп беру кезінде хабарлады.

- Өңірде көктемгі тасқын жағдайы тұрақты деп бағалануда. Елді мекендерде төтенше жағдайлар орын алған жоқ. Ертіс өзенінде сең жүру штатты түрде өтіп жатыр. Бірақ өткен жылы Ертіс өзенінде көпір өткелі бой көтергендіктен биыл Шүлбі қоймасынан келетін су көлемін 3500 текше метрден 3200 текше метрге дейін азайтуды өтінеміз. Тасқынның көпір өткелі маңынан қалай өтетініні бізге белгісіз. Сондықтан ол жерде бақылау жұмыстарын жасау қажет. Кейін су көлемін максималды деңгейге дейін ұлғайтамыз, - деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Еске салайық, сарапшылар биыл соңғы 20 жылда болмаған көктемнің келгенін айтуда. Соңғы рет қар мол жауған қыс 1978 жылы болған. Ғарыштық сараптама қортындысы бойынша 2017 жылы 49 елді мекенде су басу қауіпі тіркелген. Сол аймақтардағы 2 126 үйде 10 мыңға жуық адам тұрады.

Облыстық ТЖД бастығы Әлібек Длимовтың бір ай бұрын брифинг барысында айтқан сөзіне сүйенсек, мүмкін болған төтенше жағдайды жою мақсатында облыстық және жергілікті бюджеттен 893 млн теңге бөлінсе, оның 36 млн теңгесі тасқынды ескерту жұмыстарына бағытталған. Мамандар барлық жағдайды назарда ұстап жатырмыз деп сендіруде.

Думан Асқарбек

pavlodarnews.kz