ҚР Парламенті сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы бағдарламасы аясында Павлодар өңіріне келген сенаторларды ақсулық оқушының көгалдардыру жобасы ерекше қызықтырды. №2 орта мектептің 11-сынып оқушысы Аружан Қайырова халықа қалаулысына өзі өсірген құрма ағашын көрсетті.

- Құрма ағашының «Оазис пальмасы» деп аталатын түрін өсірудемін. Қолға алғаныма төрт жыл болды. Бұл он жылдан кейін бірақ жеміс береді. Тропикалық өсімдік болғандықтан, күтімді аса көп қажет етпейді. Бір аптаның ішінде екі мәрте суарып қойсаңыз өсе береді. Бірақ жылсусүйгіш өсімдік болған соң суыққа қалдыруға болмайды. Сондықтан, өзім бітірген соң мектебіміздегі «Жас биолог» ұйымының мүшелеріне тапсырып кетемін. Өздеріңіз білетіндей, бұл қасиетті әрі пайдалы жеміс түрі. "Ораза айында осы жеміспен ауыз ашатын болса, сауабы көп" екені айтылады шариғатта. Сонымен қатар, тұрақты түрде пайдаланып отыратын болса, өкпедегі тасты түсіретін емдік қасиеті де мол, - дейді оқушы.

 

Халық қалаулысы аталған білім ошағының спорт залына, медициналық кабинетіне және басқа да сыныптарын аралап, мектептің материалдық-техникалық базасының жабдықталуына жоғары баға берді.

-Мұнда келгелі бұдан басқа да бірнеше мектепке кірдік. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсы қалыптасқан. Интернетпен жеткілікті деңгейде қамтылған. Осы мектепте жеті адамға бір компьютерден келеді. Сонымен қатар оқушылардың 90 пайызы өз үйлерінде компьютермен жұмыс істейді. Ал, мектепке дейінгі білім беру саласына келер болсақ, мұнда 2-6 жас аралығындағы балалар балабақшамен 100 пайыз қамтылған. Бұдан білім саласындағы жұмыстардың жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанын көруге болады, - деді Бірғаным Әйтімова.

Депутаттың сөзінше, Қазақстандағы орта білім беру мекемелерінің 40 пайызы шағын кешенді мектептер.

- Мұндай мектептердің жағдайы біздің назарымызда. Бір өкініштісі, осындай мектептерде істейтін мұғалімдердің жалақылары басқаларға қарағанда біраз төмендеу. Бірақ министрлікте олардың сағатын қысқарту әдістемесі мен еңбекақыларын көтеру мәселесі қарастырылуда. Балалардың қауіпсіздігі үшін мектепке дұрыс автобустармен тасымалдау мәселесіне де көңіл бөлінуде. Сондықтан ең жаңа әрі қолайлы автобустарды осындай мектептерге бөлу керек. Оған бұл өңірдің әлеуеті жетеді деп сенемін, - деді сенатор.

Тілеуберді Сахаба

Суретке түсірген - Кристина Кохно

pavlodarnews.kz