Бұл туралы Естай атындағы мәдениет сарайы директорының орынбасары Замира Солтан хабарлады.

    -Отандастарымыз ауыр халге тап болғанда бір жеңнен қол шығарып, жақсылық жасау азаматтық борышымыз деп білеміз. Көмек жинау туралы кеше кешке әлеуметтік желілерде хабарлама таратқан болатынбыз. Қазіргі уақытқа дейін жүздеген адам қоңырау шалып, көмектесуге ниетті екендерін айтты. Олардың ішінде мешіттер, ауылдық жерлердегі шаруа қожалықтары, белді кәсіпкерлер де бар. Негізінен бұзылмайтын азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар мен ақшалай көмек қабылданады. Мүмкін болған жағдайда көмекті ақшалай беруді көздеп отырмыз. Себебі ақтөбеліктер бұл қаражатқа өздеріне керекті құрылыс материалдарын немесе басқа да қажеттіліктерін сатып ала алады, - деді Замира Солтан.

Айта кетейік, көмек бір апта бойы Естай атындағы МС-да қабылданады. Жуық арада көмектің алғашқы легі Ақтөбеге жіберіледі. Байланыс телефондары: 65-22-89, 8 701 178 -29-29 8 702-40-30-20-1.

Еске салайық, бірнеше күннен бері Ақтөбе облысының кейбір ауылдары тасқынның астында қалды.

Өңірде саяжайлардағы 597 үй мен ауланы су басып, 1510 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді, 69-ы құтқарылды. Адамдарды су басқан орындардан кереует, көрпе-төсек, ыстық тағамдары бар уақытша көшіру орындарына орналастыруда. Орта мектептер жанынан 7 бекет ашылды. Оның төртеуіне 832 адам орналастырылса, 325-і балалар.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz