Бұл туралы агенттікке аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Шакиров мәлім етті.

- Шарбақты селолық округіне қарасты Жабағылы ауылында орын алған өрт кеше шамамен сағат 19.28-де ауыздықталған. Тілсіз жау "Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты Бесқарағай және Шалдай филиалдарының көмегімен бүгін сағат 10.45-те сөндірілді. Оқиға орнына 16 өрт сөндіру автомобилі, соқасы бар жеті трактор және орман күзетінен 103 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органнан үш   автобус, жеті жеңіл автокөлік, бір өрт сөндіру техникасы, өрт сөндіру бөлімінен бір өрт сөндіру көлігі тартылды, - дейді Ерболат Шакиров.

Бөлім басшысының айтуынша, қырдағы 700 гектар құрғақ шөп жанып, 210-кварталда Көкжал орман шаруашылығына өткен. Мұндағы екі-үш жыл бұрын орын алған өрттен кейінгі 23 гектар аумақ жас көшеттерді отырғызуға дайындалған. Сондықтан айтарлықтай шығын келтірілмеген.

Десе де, жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылдықтардың бірнеше бас малы оттың ішінде қалып қойған.

Еске сала кетейік, кеше қатты жел салдарынан күшейіп кеткен қызыл жалынды ауыздықтауға Шығыс Қазақстан облысынан орманшылар көмекке келген.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz