Минск облыстық атқару комитетінің басшысымен кездесу барысында Павлодар облысының әкімі біздің өңір мен Беларусь Республикасы арасындағы өзара ынтымақтастықты ерекше атап өтті.

- Біздің Беларусь еліне барған сапарымыз – тәжірибе алмасу, инвестиция тарту, - деді Болат Бақауов. – Бүгінгі таңда өзара металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, тағам өндірісі өнімдерін тасымалдау жүзеге асырылады. Біз мұнда 20 трамвай сатып аламыз. Қосымша бес вагон алу үшін келісімшарт жасалады. Сонымен қатар біздің өңір Беларусь елімен автобустар, лифттер бойынша жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде комбайн шығару бойынша ынтымақтастыққа дайын кәсіпкерлер де бар.

Павлодар облысының әкімі біздің өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып, Минск облысында бизнесті дамытудың пайдалы тұстары туралы білді. Сонымен қатар Болат Бақауов пен Семен Шапиро ауыл шаруашылығын дамыту және Павлодар, Минсктегі арнайы экономикалық аумақтағы жұмыс шарты туралы талқылады.

 Ресми кездесуден кейін өңір басшысы Минсктің бірнеше үлкен кәсіпорнын аралап шықты. «Белкоммунмаш» ААҚ-да электр көлігі өндірісімен танысып, электробуспен жүріп өтті. «Амкодор» ААҚ-да әкімге арнайы техника өндірісі көрсетілді. Бұдан басқа, Болат Бақауов 100-ден астам түрлі кәсіпорын резидент болып табылатын «Минск» арнайы экономикалық аумағын аралап шықты.

 

Томирис Бекжан

Суреттерді түсірген - Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz