М.Катаев атындағы оқушылар сарайының әдіскері Әсем Аипованың сөзінше, аталмыш шараға еліміздің сегіз облысынан 100-ден астам мектеп оқушысы қатысқан.

- Облыс намысын оқушылар сарайынан тоғыз оқушы қорғады. «Луч» бірлесігі және «Игрик» баспасөз орталығының тілшілері Айдана Рахметова, Андрей Гритчин, Дарья Масаева өздерінің «Медиажобалар» атты жобасын қорғады. Жас тілшілер оқушылар сарайында шығатын «Сенің әлемің» балалар-жасөспірімдер газетінің қыр-сырын түсіндірді. Бұл газеттің жарық көргеніне 10 жылдан асқан. Айына бір мәрте 16 бет болып шығып, облысымыздағы барлық мектептер мен білім беру мекемелеріне тарайды. Газетте ұстаздар мен оқушылардың көркем шығармалары және мақалалары жариялануда. Міне, осы газеттің бүгінгі дизайны, тақырыптық және мазмұндық көркемдігі байқау сарапшыларының көңілінен шықты, - дейді Әсем Аипова.

«Жас Ұлан» балалар-жасөспірімдер ұйымының ұланбасылары София Ахметжанова «Мен - Қазақстанның азаматымын» аталымында «Тарихқа көз жүгіртсек» жобасымен, Аружан Айткенова «Өзіңнің жылуыңмен бөліс» аталымында «Шектеусіз мүмкіндіктер» атты қайрымдылық жобасымен үшінші орындарға қол жеткізген.Сондай-ақ, оқушылар сарайы балалар баспасөз орталығының тілшісі Мария Шорина балалар журналистикасының қыр-сырымен бөлісіп,3 орынды қанжығасына байлады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы планшеттермен және арнайы дипломдармен марапатталды.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz