Бұл туралы агенттікке қалалық білім беру бөлімі мектепке дейінгі ұйымдар секторының меңгерушісі Бақыт Қырықбесова мәлім етті.

- Артур 2016 жылдың 1-шілдесінен бастап облыстық балалар тубдиспансерінің жолдамасы бойынша санаторлық үлгідегі балабақшаға барады, - дейді Бақыт Қырықбесова. - Себебі тубинфицирленген балалар толығымен мемлекет тарапынан қаржыландырып, сауықтырудан өтеді. Мұнда ол тәулік бойы дүйсенбі-сенбі күндері аралығында бақылауда болады. Ал, 1-сәуір күні анасы балабақшадан алып кеткен болатын. Келесі күн тәрбиешілер қоңырау шалғанда оның ауырып қалғанын білген. Осылайша, 3-сәуір күні  хабарласқанда ол бір апта бойы үйде ем қабылдап жатқан.

Тәрбиешілердің айтуынша, бала күтім көрген және үнемі ұқыпты, таза жүреді. Денсаулығына байланысты ай сайын жиі ауырып қалады. Дегенмен ата-анасы ауруханадан әрдайым анықтама әкеліп отырған.

- Қазіргі таңда Артур облыстық балалар ауруханасында дәрігерлердің бақылауымен тиісті ем қабылдауда. Жағдайы қанағаттанарлық. Бұл жағдайды білгеннен кейін балабақша меңгерушісі бірден таңертең аурухана барып, баланың халін білді. Бүгін кешке тәрбиешілер киім-кешек пен керек заттар алып барады, - дейді Бақыт Қырықбесова.

Еске сала кетейік, ұл баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама кеше түскен. Ер адам бірге тұратын әйелдің 16-сәуір күні ұлы жоғалып кеткенін айтқан. Кішкентай Артурды полиция және 5512 бөлімінің әскери қызметкерлері мен кинологтар, сондай-ақ арнайы иттер іздестірген болатын.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz