Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ардагерлермен және мүгедектермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Тұрсын Манасбаева агенттік тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Павлодар облысында 146 соғыс ардагері бар. Олардың арасындағы ең үлкені – Ғабдулла Бейсенбаев. Биыл 99 жасқа келді. Павлодар қаласында тұрады. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагерімен теңестірілген азаматтардың саны 2074 болса, тыл ардагерлерінің саны 8309 адамды құрайды. Биылғы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында қан майданда Отанын қорғап, ерлік жасаған барлық ардагердің үйіне барып, жағдайларымен танысып шығамыз. Киім-кешек, азық-түлік және басқа да керекті заттармен сыйлық жасаймыз, - дейді Тұрсын Манасбаева.

Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген азаматтар мен тыл ардагерлері де қаржылай көмектен шет қалмайды. Алғашқыларына 22690 теңге көлемінде, соңғыларына 11345 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы төленеді.

Айта кетейік, соғыс ардагерлері барлық әлеуметтік төлемнен босталыған. Сонымен қатар, қажетті дәрі-дәрмек тегін беріліп, медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Жыл басынан бері Павлодар қаласында үш соғыс ардагерінің өтініші бойынша баспаналарына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz