«Металлург» спорт кешенінің қызметкері Юрий Стрелецтің айтуынша, байрақты бәсекеге Ресейдің Новосібір, Барнауыл, Омбы және Карасук қалаларынан барлығы 100-ден астам спортшы келді. Сондай-ақ қалған 500 спортшы еліміздің Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарынан жиналған. Шағын футбол мен волейбол ойыны бойынша 2004-2007 жылдары, баскетбол бойынша 2000-2003 жылдары және гір тасын көтеру, қол күресі бойынша 2003 жылы туылған жас өспірімдер бақ сынады.

- Жарыс қорытындысы бойынша шағын футболдан Ертіс ауданының командасы жеңімпаз атанса, волейболдан Ақсудағы «Металлург» спорт кешенінің тәрбиеленушілері бірінші орынды иеленді. Ал, қыздар арасында жеңіс Семей спортшыларына бұйырды. Баскетбол жарысы бойынша «Металлург» спорт клубының командасы барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, қыздар баскетболында бірінші орынды Ақмола облысы, Ақкөл қаласының ойыншылары алып кетті. Сонымен қатар, гір тасын көтеру және қол күрестіру секцияларында да жеңіс біздің спортшылардың еншісінде қалды, - дейді Юрий Стрелец.

Айта кетейік, Ақсудағы «Металлург» спорт кешенінде 400-ден астам бала спортпен шұғылданады. Мұндай ауқымды балалар фестивалі 1999 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz