Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Рашида Шайкенованың айтуынша, Алматы облысының экологиялық, этнологиялық, көшпенділік және оқиғалық туризм мен емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға әлеуеті жетерлік. Алайда, оған кедергі болып отырған бірқатар кемшілік бар. «Біздің басты кемшілігіміз - Алматыдан туристік орындарға автобус шығара алмауымызда болып отыр. Біздің Алматы облысындағы 4 ұлттық парктің арасын жалғайтын, екі күн сайын қатынайтын автобустар шығару туралы келіссөз ұзаққа созылып кетті. Апта ортасында демалғысы келетін туристеріміз қымбат бағаға такси жалдауға мәжбүр. Алматы облысында туризм демалыс күндері белсенді болады. Әрине, бұл автобустарды шығару бірден табыс әкелмейді, сондықтан оған дотация керек. Бұл бір күннің ғана шаруасы емес», - дейді Рашида Шайкенова. Рашида Шайкенованың айтуынша, бұл мәселені туристік орындарға жақын жерлерден қонақ үйлер ашу арқылы шешуге болады. «Шетелдіктерге экотуризм маңыздырақ. Ондай саяхатшылар «бес жұлдызды» қонақ үйлерге емес, ортаңқол қонақ үйлерге тоқтайды. Алматы облысы әкімдігі мен Эко және агротуризмнің еуропалық орталығы арасында қонақ үйлер жүйесін әзірлеу жобасы басталды. Қазіргі уақытта Тамғалы шатқалына жақын жердегі ауылдарда қонақ үй ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жерде ең маңыздысы еуропалық мамандар жергілікті мамандарды қонақ үйлер стандарты мен тамақтандыру қызметінің сапалы болуын үйретеді. Қонақ үйлер жүйесін дамытсақ, жастар қалаға жұмыс іздеп сабылмайды», - дейді Рашида Шайкенова.

Айта кетейік, Алматы облысында 2014 жылы туризмді дамытудың мастер-жоспары жасалған болатын. Екі жыл ішінде туристер қатары 3,5 есеге өсті. Бұл жерде Алакөлдің де орны бөлек. 2012-2013 жылдары Алакөлде 58 мың адам демалса, былтыр 452 мың адам барған. Биылғы жылы Алакөлде 26 жаңа нысанның құрылысы басталмақ. Сонымен қатар, Үшаралдан әуежай ашылса, көлге жақын Ақши ауылына дейін баратын пойыз қатынайды. 2017 жылы Балқаш мен Көлсайға апаратын жолдар да жөнделмек.

 

pavlodarnews.kz