Бұл мәселе Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің мемлекеттік құрылым, жергілікті полиция қызметкерлері және мектеп директорларымен өткізген кездесуі барысында көтерілді.

- Біз Гагарин саябағында әр мектептің дастархан жайып, жұртшылықты тамақтандырғанын қалаймыз. Әдеттегідей, бауырсақ, палау, көже болу керек. Қалай ойлайсыздар, сіздерге қиын бола ма?, - деп сұрады қала әкімі.

Өз кезегінде № 6 ЖОБМ директоры Галина Кулаковская бұл іске көп қаржы керектігін атап өтті.

- Ол үшін әжептеуір қаражат керек. Мектептердегі мұғалімдерден тағы да ақша жинауға тура келеді. Біздің мектептерде педагогтар көп емес. Енді демеушілерді іздеу керек. Бірақ ірі кәсіпорындар басқа шараларға мұрындық болуда. Бұдан шығар бір ғана жол - жергілікті дәмханалардан көмек сұрау, - деді ол.

Нұржан Әшімбетов ұстаздардан ақша жинауға қатаң тыйым салды.

- Мектептегі асханаларды жалдайтындарға ұсыныс білдіріңіздер. Олар табыс табады, бірақ салықты жеке кәсіпкерлерден де аз төлейді. Бір күндік ақыларын бөліп берсе, түк етпейді. Дастархан жаймасаңыздар да болады. Бірақ Ұлыс мерекесін атаусыз қалдыруға болмайды, - деді шаһар басшысы.

Думан Асқарбек
Суретті түсірген - Кристина Кохно

pavlodarnews.kz