Отандық режиссерлердің өнімі «Жібек жолындағы үздік туынды», «Панорама» бағдарламасы аясында қалың көпшіліктің назарына ұсынылды. Қытайда ағылшын және қытай субтитрімен көрсетілген «Құнанбай» фильмін тамашалауға келген кісі қарасы қалың. Хакім Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының өмірі жайлы тарихи туынды прокатқа 2015 жылы шықты.

Бұл фильм Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет тарапынан да жоғары бағасын алған. Енді міне Қытайдағы қалың көрерменге ұсынылып отыр. «Құнанбай» бұған дейін де халықаралық фестивальге қатысып Уфада «Ұлттық рух» жүлдесін иеленген.

Досхан Жолжақсынов, ҚР Халық артисі:
- Бұл негізгі фестивальдің ішінде «Жібек жолы» деген тарихи киноларға арналған бөлімі бар екен. Біз соған қатысып жатырмыз. Енді алдағы уақыт көрсете жатар. Дейтұрғанмен осы жердегі біздің қандастарымызға үлкен оқиға болып жатқанын сезіп жатырмыз, бізді сол қуантады.

Бейжің халықаралық кинофестивалі Қытайдың байланыс, радио, кинематография және телеарналар бас басқармасының ұйымдастыруымен өтеді. Шара жыл сайын дамып, бүгінде Азиядағы кинофестивальдердің көшбасында тұр. Биыл Бейжіңдегі 30 кинотеатрда 500-ге жуық туынды көрсетіледі. Оның ішінде негізгі бағдарламаға 15 фильм іріктеліп алынған. Үздік шығарманы белгілі дат режиссері Билл Августтың басшылығымен халықаралық қазылар алқасы анықтайды, деп жазды 24.kz.

pavlodarnews.kz