Бұл туралы экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің 11-отырысында экологиялық технологиялар жөніндегі құзірет орталығының директоры Ахан Өмірбек мәлім етті.

- Павлодарда Кеңес үкіметі тұсында "Химпром" химиялық зауыты жұмыс істегенін барлығыңыз білесіздер. Алып кәсіпорын ол кезде сынапты пайдалану арқылы адам баласына аса зиянды xимиялық заттар шығарған. Бірақ ол кезде теxникалық ережелер сақталмағаннан кейін көп мөлшердегі сынап қалдықтары жер астына кіріп кетті. Қазір сол зауыттағы №31цехтың астында 1000 тоннадан астам сынап сақталып тұр. Зиянды қалдықтарды жою мәселесі 20 жылдан бері қарастырылғанымен ешқандай нәтиже шықпай отыр, - дейді Ахан Өмірбек.

Орталық басшысының сөзінше, жуырда осы мәселені біржақты ету үшін арнайы тұжырымдама құрылып, жер астына жиналған көп мөлшердегі сынап қалдықтарын жоюдың нақты жолдары ұсынылған.

Шара барысында экологиялық ұйымдардың, басқа да тиісті мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын өкілдері және осы мәселені зерттеп жүрген ғалымдар өз ұсыныстарын айтты. Ендігі кезекте жерасты сынаптарын жою бағытында атқарылатын жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қажетті қаражат мөлшері анықталмақ.

Экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Арын Өрсәриевтің сөзінше, облысымызда экология саласында атқарылып жатқан жұмыстар өз жемісін беруде.

- Облысымызда табиғатты қорғау, экологиялық мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, соңғы бес жылда аймақ тұрғындарының өмір сүру жасы 3 жылға артып, 71,3 жасты құрап отыр, - деп атап өтті Арын Өрсәриев.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz