Кездесуге келгендер сот шешімін орындамай жүргендерге, сот процесін толық орындамаған судьяға, алимент төлмеген бұрынғы жұбайына наразылықтарын білдірді.

«СИЭК бар» ЖШС-нен өзіне тиесілі үлесін ала алмай жүрген Лилия Спасскаяға облыстық департамент басшысы мәселені заңды түрде шешіп беру үшін тегін адвокат беретінін жеткізді.

Айта кетейік, ЖШС басшысы болған Лилия Спасскаяның ұлы 12 жыл бұрын дүние салған. Қазір аталмыш серіктестікті келіні қолына алған. Осы уақытқа дейін зейнет жасына таяған ана өз үлесін ала алмай келеді.

-Сот шешімімен маған тиесілі ақшаны өндіріп ала алмай жүрмін,- деп налыды Шарбақты ауданы Шегерен ауылының тұрғыны Валентини Жаманкулова. – Төрт жыл бұрын жиеніме қастандық жасалды. Сот жиеніме қиянат жасаған әйел адамды екі жыл бас бостандығынан айырып, үш жарым миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Осы күнге дейін 97 мың теңгесі ғана төленді.

Жеке сот орындаушысы Қайрат Көпбасовтың айтуынша, кінәлі деп танылған әйел жұмысқа орналаспаған, оның атында жылжымайтын мүлік пен кіріс көздері тіркелмеген.

-Ол адамға қосымша 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Өткен аптада туыстары бір миллион теңгеге несие алып, айыппұлдың бір бөлігін өтеді, - деді Қайрат Көпбасов.

Облыстық әділет департаментінің басшысы Ернар Сейдімбек жеке сот орындаушысының жұмысын сынға алып, үш жылда салынған бір әкімшілік құқықбұзушылықтың аз екендігін атап өтті.

-Сот шешімін орындамай жүрсе, қылмыстық іс қозғау керек. Жұмысқа салғырт қарамау керек. Ал, кінәлі деп танылған әйел адамды еш жерге жұмысқа алмайды деген қисынға келмейді. Жеке кәсіпкерлердің серіктестіктерінде де жұмыс жасауға болады. Ол кісіні жұмысқа орналастыру мәселесін шешіп беремін, - деді Ернар Сейдімбек.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz