Павлодар облысы әкімінің ресми блог-платформасына Владимир есімді тұрғын Ақсу қаласындағы Астана көшесі, 58/1 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің мәселесі туралы жазған.

-    Құрметті Әбілқайыр Бақтыбайұлы! Өз мәселемізді жеткізіп, оны шешуге көмек көрсетуіңізді сұраймыз. Үйіміздің құрылысшылары жаңбыр суы өтетін суағарды қате орналастырған. Үлкен тесіктері бар. Жағдай жаңбыр жауған немесе қар еріген сайын қиындауда. 9-қабаттан бастап 1-қабатқа дейінгі 8 пәтерімізге су кіреді. Көмек көрсетулеріңізді сұраймыз! – деп жазылған блог-платформада.

Өтініш иесінің мәлімдеуінше, жеке қабылдауға келіп, фото, видео дәлелдерін көрсете алады. Су аққаның салдарынан үй сәніне зиян келіп, дым тартып, зең басқан.

Облыс әкімі өтінішке берген жауабында мердігер жұмысты қолға алғанын хабарлады. Кеткен қателіктер түзетілуде.

-    Менің тапсырмам бойынша оқиға орнына арнайы адамдар барып, жағдайды көрді. Расымен үйді салу кезінде құрылыста қателіктер орын алып, суағар еңіс қойылмаған. Нәтижесінде су өтетін құбырлар қатып, құбыр желісіне зақым келген. «АМБ» ЖШС мердігер ұйымы қателіктерді түзетуде. Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес еңіс орналасу керек бөліктер ауыстырылып, суағарлар тазаланды, - делінген жауапта.  

Сонымен қатар, өңір басшысы мердігер ұйымның суағардан зардап шеккен 8 пәтердің жөндеу жұмысына қажетті материалдарды тегін беретінін атап өтті.

-    Астана көшесі, 58/1 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйдегі комиссиялық тексеру кезінде анықталған кемшіліктерді түзету жұмысы жалғасын табады, - делінген блог-платформада.

Оразбек Саяхат
Фото: ашық дереккөзден

pavlodarnews.kz

Тэги: