Павлодар облысының еңбек басқармасы өңірдегі жұмыс берушілерге қызметкерлерін қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне көшіру ұсынды.

- Қазақстанның еңбек заңнамасы бойынша жұмыстың бірнеше механизмі қарастырылған. Олар: толық емес жұмыс күнін енгізу, қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшу, уақытша басқа жұмысқа ауыстыру және тағы басқалары. Мұндай мүмкіндіктер болмаған жағдайда жұмыс беруші өз қызметкерлерін мәжбүрлі демалысқа жібереді. Еңбек Кодексіне сәйкес, егер кәсіпорынның уақытша тоқтап қалуы жұмыс беруші мен жұмыскердің еріктерінен тыс жағдаяттарға байланысты болса, ол жағдай жеке және ұжымдық еңбек шарттарымен рәсімделеді, - деді басқармада.

Басқарманың мәлімдеуінше, мәжбүрлі демалыс кезіндегі еңбекақы төменгі шектік еңбекақыдан төмен болмауы қажет. Қазіргі кезде оның көлемі 42500 теңгені құрайды.

Егер  ұйым өзінің қызметін тоқтатса және төтенше жағдай кезінде өзінің қызметкерін еңбекақысының сақталуынсыз демалысқа жіберсе, еңбек басқармасына +77056092989 (WhatsApp) нөмірі арқылы хабарлауға болады.  Хабарламаны WhatsApp мессенджері арқылы және жасырын түрде қалдыруға болады.  

Ведомство қызметкерлері бұл шара жұмыскерлерді еңбекақысының сақталуынсыз демалысқа жіберу деректерінің сараптамасын жүргізу және жұмыс берушілерге төтенше жағдай кезіндегі еңбек қызметінің механизмдері туралы хабарлау мақсатында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Еске салайық, әлемде коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық аумағында 16-шы наурыздан бастап ТЖ жариялады. Бұл режим 2020 жылғы 15-ші сәуірге дейін сақталады.

Фото: ашық дереккөзден

pavlodarnews.kz

Тэги: