Павлодар нан-тоқаш комбинаты формалы нанды 17 наурыздан бастап қаптай бастаған. Ал, басқа да батон, қара бидай сияқты нан өнімдері 10 жылдан бері қаптамамен сатылады.

- Пештен нан бөлкесі 65 градус температурамен шығады, - дейді комбинат директоры Виталий Сартаков. - Сондықтан өнімді кем дегенде 18 градус температураға дейін салқындатамыз. Суығаннан кейін нанды қаптаймыз. «Тау-нан» нанын орау үшін біз Францияда өндірілетін стрейч-пленканы пайдаланамыз. Сондықтан пленкалардың тауысылуы мүмкін деген қауіп бар. Қоймадағы қорлар шамамен бір айға жетеді. Біз күніне 10 орам жұмсаймыз. Нан-тоқаш өнімдері биопипи пленкасына оралады. Оны Теміртаудан жеткізеді, бірақ пленка Беларусьте өндіріледі. Шекаралар жабылып, бағаның өсуі болып жатқан соң тапсырыстар жеткізілмеуі мүмкін.

Комбинат директоры қағаз қаптама экологиялық таза  болғанымен, қымбат екенін атап өтті. Қымбат болғандықтан комбинат шығынға ұшырайды.  Егер шетелден пленка жеткізілмесе, комбинат мемлекеттен көмек сұрайды.

-Қаптамаға орауды енгізгеннен кейін формалы нанның өзіндік құны үш теңгеге көтерілді, - дейді Виталий Сартаков. -  «Тау-нан» нанының дүкендерге берілетін бағасы бұрынғыдай  95 теңге болып қалды. Біздің өнімдер облыстың 650 дүкенінде сатылады. «Тау-нан» формалық нанын біз күніне 16 мың бөлке өндіреміз, бұл - шамамен 8 тонна. Нан-тоқаш өнімдері - шамамен 3 тонна және кондитерлік өнімдер күніне шамамен бір тонна өндіріледі. Әрдайым 10 күнге жетерлік ұн қорын ұстап тұрамыз. Себебі, технология бойынша ұн өнімі пайдаланар алдында салқын жерде тұруы керек. Бірақ нарықтағы жағдай өзгеруде және егер астықтың қымбаттауы немесе ескі егіннің астығы аяқталатын болса, онда біз ұн бағасының өсуін күтеміз. 

Кәсіпорында 159 адам жұмыс істейді. Комбинат басшысы кадрлардың жетіспеушілігін бастан кешуде екенін айтады. Өйткені жұмыс өте ауыр, ал еңбекақы төмен. Цех қызметкерлерінің орташа жалақысы 65 мыңнан 75 мың теңгеге дейін. Ұн бағасы көтерілсе де, нан әлеуметтік маңызды өнім болғандықтан бағасын көтеруге болмайды.

Айта кетерлігі, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Қанат Мерханов бүгінгі күні қоймада мың тонна ұн бар екенін атап өтті.

 

Айгүл Жүсіпова

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: