Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

«Мұнай-газ өндірісіне қызмет көрсету саласында 2 мыңнан астам кәсіпорын бар. Онда 200 мыңға жуық қазақстандық еңбек етеді. Бұл – өте үлкен экономикалық сала. Мұнай бағасы төмендеген сайын мұнай өндіруші компаниялар шығынды үнемдеу шараларын арттырары сөзсіз. Бұл жағдайда ең ауыр соққы мұнайға қызмет көрсету саласына тиері айдан анық. Объективті түрде қарайтын болсақ жұмыс орнын қысқарту және қаржылай үнемдеу – өндіруші компаниялар мен олардың бас мердігерлерін айналып өтеді. Ол тікелей қызмет көрсету компанияларында кездеседі. Мысалы ТШО компаниясы жүргізіп жатқан «Болашақ-Даму» жобасына қатысып, жақын арада өз жұмысын аяқтайтын қазақстандық компаниялардың 5 мыңға жуық жұмысшысы жазда жұмыссыз қалу қаупі бар. Оларды біз қайда жібереміз?» - дейді Рашит Жақсылықов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы мұндай мысал елде көп екенін айта отырып, жұмыссыздыққа жол бермеу бойынша бірқатар шара қабылдауды ұсынды.

«Біріншіден осы кезге дейін қол қойылған келісімшарттардың қаржылай құнын төмендетпеу керек. 2015 жылы тура осындай жағдай болған кезде операторлар құнды 20 пайызға төмендетіп, бірталай компания банкротқа ұшырады. Екіншіден бұған қоса келісімшарттардың бәрі де теңгемен бекітілген. Қаржы нарығында да жүріп жатқан инфляциялық жағдайды өздеріңіз білесіздер. Келісімшарттың құнсыздануына әкелуі мүмкін. Сондықтан инфляцияның өзгеруіне байланысты келісімшартты өзектендіріп отыру қажет. Үшіншіден мұнай өндіруші компаниялар мұндай жағдайда салықтық жеңілдіктер алады. Бұл жеңілдіктерді инвестициялық міндеттемелерін тоқтатпайтын операторларға ғана беру керек. Олар құрылыс және бұрғылау жұмыстарын тоқтатпауға міндеттеме алуы тиіс», - деді ол.

Рашит Жақсылықов төртіншіден, елімізде жаңа жобаларды іске қосу жұмысы жеделдетілуі тиіс екенін айтады. Мысалы, Қарашығанақ кен орнының кеңеюуі 4 млрд долларлық жоба. Одан бөлек Қазақстандағы газ-хиия жобаларын тезірек іске қосқан абзал.

«Бесіншіден отандық компаниялар өзінің қызметін экспорттауға көмектесу керек. Мысалы Ресейдің әртүрлі жобаларында қазақстандық 2 мыңнан астам азамат қызмет көрсетіп жүр. Алтыншыдан 100 млн долларға дейінгі келісімшарттардың бәрін де Қазақстан компанияларына беру керек. Қазақстан компаниялары өсіп-жетілді. Қазір олар ол міндеттемені атқара алады. Ал одан жоғары сомадағы келісімшарттарды одан жоғары кәсіпорындарға беру керек. Біздің ойымызша осындай нақты шараларды қолға алсақ, экономикамыздың әлсіреуіне жол бермейміз», - деп түйді Рашит Жақсылықов.

pavlodarnews.kz

Тэги: