Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 102 пультіне облыс орталығындағы сауда үйлерінің бірінде  автотұрақта  Toyota Land-Cruiser маркалы көлігінің жүргізушісі  алкоголь тұтынғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Оператор жедел түрде барлық автопатрульдерге аталған машинаны ұстауға бағдар берді. Біраз уақыттан кейін патрульдік полиция қызметкерлерімен автокөлік Абай-Ломов көшелерінің қиылысында көзге түсті.

-    Ал одан әрі кинодағыдай болды, - деді баспасөз қызметінде. – Жүргізуші көлік құралын тоқтату туралы полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын елеместен,  жолда апаттық жағдай туғызған. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, нағыз жарыс ұйымдастырды. Алайда, тәртіп сақшыларынан жасырынудың сәті түспеді. Тәртіп бұзушыны патрульдік полицейлер ұстап, медициналық куәландыруға жеткізді.

Сараптама қорытындысы бойынша фактілер расталды, 25 жастағы павлодарлық шын мәнінде мас күйінде болған.

Жол берілген барлық бұзушылықтар үшін автокөлік арнайы автотұраққа жеткізілді, ал жүргізушіге қатысты бірнеше баптар бойынша әкімшілік іс қозғалды:

- ҚР ӘҚБК 593 б. 2 (қауіпсіздік белбеулерін пайдалану ережелерін сақтамау). Айыппұл 5 АЕК;
- 599 б. 1 ҚР ӘҚБК (бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту). Айыппұл 10 АЕК;
- ҚР ӘҚБК 612 б. 1 б. (жүргізуші куәлігісіз көлік құралын басқару). Айыппұл 5 АЕК;
- 613 б.1 (ІІО қызметкерлерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талаптарын орындамау). Айыппұл  30 АЕК;
- 608 б 1 (мас күйінде көлік құралын басқару).

Айта кетейік, Павлодар қаласының әкімшілік соты  жүргізушіні 7 жыл мерзімге жүргізуші құқығынан айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Фото: ашық дереккөзден

pavlodarnews.kz

Тэги: