ҚР цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиннің қолданылуына байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс режимін өзгерту туралы шешім қабылданды.

- ХҚКО көрсететін қызметтер саны шектеулі болады, - дейді баспасөз қызметінде. - Азаматтар тек онлайн қолжетімсіз қызметтерді ала алады. Бұл ретте барлық ХҚКО ел бойынша 17:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары көрсететін қызметтердің ішінде – паспорттар мен жеке куәліктер беру, зейнетақылар мен әртүрлі жәрдемақылар тағайындау және тағы да басқа ХҚКО көрсететін қызметтердің толық тізімі қоса беріледі.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің 80 пайызы электрондық үкімет порталында және қолжетімді eGov.kz, eGov Mobile мобильді қосымшасы, сондай-ақ телеграмма-бот арқылы автоматтандырылды.

Мемлекеттік қызметтерді алуға байланысты қиындықтар мен мәселелер туындаған жағдайда азаматтар 1414 Бірыңғай байланыс орталығына ұялы және стационарлық телефондардан хабарласа алады. Қоңырау тегін.

Бұдан бұрын хабарланғандай, министрлік «ҰАТ», «Қазақтелеком» және «Азаматтарға арналған үкіметпен» бірлесіп, байланыс орталығын күшейту бойынша жұмыс жүргізді.

Сонымен қатар, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі азаматтарға халыққа қызмет көрсету орталықтары адамдардың жаппай жиналатын орындары болып табылатындықтан, ХҚКО-ға аса қажеттілік болмаса бармауға кеңес береді.

pavlodarnews.kz

Тэги: