Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімханов мәлім етті.

- Бүгінгі таңда қауіпті учаскелер анықталған, - деп атап өтті Сұңғат Есімханов. - 31 ауыл бақылауға алынған болатын. Облыс әкімінің тапсырмасымен су өткізу құбырларының 92 пайызы тазартылды. Қазіргі таңда Ақтоғай және Баянауыл аудандары ерекше бақылауға алынған. Бұл аудандарды аралап шығып, мониторинг жүргізілді. Демалыс күндері тағы да тексеріледі. Биыл қар қалың түскені белгілі.  

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, аталған екі ауданда су тасқынына қарсы тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Әзірге су басу қауіпі бар Баянауыл ауданының Бірлік ауылының тас жолы ерекше бақылауға алынған.

- «ҚазАвтоЖол» компаниясымен тиісті материалдар тас пен құм әкелініп, сәуір айының басында суды шектеуге дайындық жүргізілуде, - деп нақтылады Сұңғат Есімханов. - Былтыр қауіп төнген ауылдардың тізіміне Ащысу өзенінің жанындағы ауылдарды су тасқынынан сақтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қазір қауіп төніп тұрған жоқ. Ауа райы жақсы болып тұр. Күндіз жылы, түнде салқын. Сондықтан қар жақсы еруде.

Сонымен қатар спикер Ленин кентінде су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан шараларға тоқталып өтті.

- Сәуір айының ортасынан кейін Ертіс өзенінің бойымен Шығыс Қазақстан облысынан келетін суға байланысты екінші кезекті дайындық қолға алынған. Су ресурстары комитетімен бірігіп, жіберетін судың деңгейін кесте бойынша жасау, жолдағы салынған көпір мен суарқалықтарды уақытында ашып, су жіберіледі. Сондықтан су басу қаупі төнбейді деген сенімдеміз, - деп түйіндеді облыс әкімінің орынбасары.

 

 

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам